2024 жылдың 9 ақпан күні «Болмасаңда ұқсап бақ» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.

«Бейнеу мектеп – интернаты» КММ – сі
2024 жылдың 9 ақпан күні «Болмасаңда ұқсап бақ» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Мақсаты: қыз балаларға көне көз әжелеріміздің өнегесін үйретіп, әже мен немерелер арасындағы сыйластық, бауырмалдық пен ынтымақтастықты жалғастыру, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаудағы қазақ халқының асқан шеберлігін паш ете отырып, оқушыларға қазақтың ұлттық қолөнердің, бұйымдардың пайдалану ерекшеліктерін және олардың жасалу технологиясын жан – жақты түсіндіру. Шеберлік сағатқа 5-7 сыныптың қыз балалары мен арнайы қонақ ретінде он саусағынан өнер тамған, шебер, немерелеріне мейірім шуағын сепкен ардақты әже Болысбаева Рысжан қатысты.
Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Қазіргі кезде ұлттық қолөнерді жас ұрпақтың бойына дарытып, үйрететін орта мектептерде көркем еңбек пәні. «Ата көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген халық даналығын басшылыққа алып, жас ұрпақты тәрбиелеуде, дамытуда, қалыптастыруда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие құралдарын (тіл, дін, өнер, үлгі-өнеге) орнымен пайдалану бүгінгі күн үшін де ерекше маңызды.
Шеберлік сағатының «Әжелер сөзі-өнеге көзі» бөлімінде Рысжан әжеміз жас кезінен бастап жасап келген текемет басу, ұршық иіру, киіз үй жабдықтарын тігу, алаша тоқу, бау, басқұр, ши тоқу, құрақ құрау, киім тігу сияқты қол өнер бұйымдарының жасалу жолдарымен таныстырды.
«Шебердің қолы ортақ» бөлімінде оқушыларға ою-өрнекті қағаздан қиып көрсетіп, құрақ көрпенің тігу техникасын үйретті. Осы орайда кеш қонағы Талпақова Ақмарал ұлттық аспаппен ән шырқап, өзінің бала кезінде осындай апа, әжелерінен көрген үлгі өнегесімен бөлісіп, оқушыларды ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағыттады. Шеберлік сағаттан осындай дүниелерді көріп, сезініп өскен ұрпақ болашақта да ұлттық құндылығын ұлықтап, құрметтейтіні анық. Мектеп оқушыларына ұлттық қол-өнердің жасалу жолындағы қыр-сырлармен бөлісіп үйреткен Рысжан әжемізге алғыс айтамыз!
Өткізген: Көркем еңбек пәні мұғалімі Болысбаева Қамар